ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстанда утилизация алымы 50 пайызға азаяды

Қазақстанда автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымының мөлшері 50 пайызға азаяды. Бұл жөнінде 23 ақпан күні мемлекетік "Хабар 24" телеарнасына берген сұхбатында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр хабарлады.
Оның айтуынша, автокөліктің барлық түрі мен ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымын 50 пайызға азайту туралы шешім қабылданған.
Қазір елде мұндай алым мөлшері көлік көлеміне қарай 437 мың теңгеден басталып, 5,9 миллион теңгеге дейін барады.
Бұған дейін оған қарсы азаматтар дамыған елдерде утилизация алымы 100 мың теңгеден аспайтынын, ал кей мемлекетте көлікті утилизациядан өткізетін зауыттар өзін-өзі қамтамасыз ететінін айтқан.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп мәлімдеп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. Артынша оның функциясы "Жасыл даму" акционерлік қоғамына жүктеліп, ақпан айының басында утилизация алымын қабылдай бастаған.
23 ақпан күнгі сұхбатында Роман Скляр үкімет жаңа оператордың есепшотындағы 200 млрд теңге қаражаттың 130 млрд теңгесін көлік несиесінің шарттарын жеңілдету мен автобустар сатып алуға жұмсау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.
– "Жасыл дамудың" есепшотында қалған қаражат халық игілігіне жұмсалуы тиіс. Мұны қалай жүзеге асырамыз? 100 млрд теңге отандық көліктерді жеңіл шарттармен несиеге беруге жұмсалады. Жылдық сыйақы мөлшері – 4 пайыз, алғашқы жарнасы нөл теңгемен жеті жылға беріледі" деді Скляр.
Оның айтуынша, нақты жағдайда 71 мың азамат аса қымбат емес жаңа көліктерді сатып ала алады. Ал 30 млрд теңге автобус парктерін жаңалауға жұмсалады.
Елде былтырдан бері утилизация алымын азайтуды немесе мүлде алып тастауды талап еткен жүргізушілер наразылығы көбейген шақта индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қаңтарда утилизация алымын жаңа әдіс бойынша есептейтінін хабарлаған.
Басқа да жаңалықтар
Иран мен Израиль бір-біріне тағы соққы жасады

Иран мен Израиль бір-бірін тағы соққылады. Сенбіге қараған түні Тель-Авивте атып түсірілген ракетаның бөлшектері тұрғын үйге түсіп, өрт шыққан. Нақты қай аудан екені айтылмайды. Ешкім зардап шекпеген.
Сенбі таңға қарай Израиль де Иранды атқылап, Исфахан, Тегеран және Қом қалаларына шабуыл жасаған. Қом қаласына жасалған шабуылдан екі адам қаза болған, төрт адам жараланған.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) палестиналық бөлімшесінің жетекшісі Саид Изади Қом қаласындағы пәтерінде өлтірілді деп мәлімдеді.
Кацтың сөзінше, Изади 7 қазан күнгі “ХАМАС шабуылын қаржыландырып, қару-жарақпен қамтамасыз еткен”.
Иран жағы әзірге бұл жөнінде мәлімдеме таратпады.
BBC-дің жазуынша, Қом провинциясында Иранның қатты қорғалған ядролық нысандарының бірі Фордо жерасты зауыты орналасқан. Ядролық зерттеу кешені орналасқан Исфахан да атқыланған.
Соққы Женевада өткен бірнеше сағатқа созылған нәтижесіз келіссөзден кейін жасалды.
Сенбі күні Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Иран мен Израиль қақтығысын Стамбұлда Араб елдерінің лигасы өкілдерімен талқылайды. Дүйсенбі күні Мәскеуге баруы мүмкін.
Путин Ресей Украинаның Сумы қаласын басып алуға талпынып жатқанын жоққа шығармады

Ресей президенті Владимир Путин Ресей әскері Украинаның солтүстігіндегі Сумы қаласын басып алуға талпынып жатқанын жоққа шығармады.
"Бізде ондай міндет жоқ, бірақ жалпы мұны жоққа шығармаймын" деді ол жұма күні Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде.
Путиннің сөзінше, Ресей Сумы облысында шекарадан 12 шақырымға дейін "қауіпсіздік аймағын" құруға тырысып жатыр.
"Олар [Украина қарулы күштері] бізге Курск облысына еніп, қылмыс жасады. Оларды қуып шықтық. Ал енді біз аймақ құруға мәжбүрміз" деді Путин.
Сумы – соғысқа дейін 255 мың халқы болған Сумы облысының орталығы. Мәскеу 2022 жылдан бері мұндай ірі елді мекенді басып алмаған. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Украинаның бір ғана облыс орталығы - Херсонды ғана басып ала алған. Ресей әскері кейін одан шегінген.
Қайрат Боранбаевтың бауыры ұсталды

Қаржы мониторинг агенттігіне (ҚМА) сүйенген Tengrinews-дың жазуынша, Мұрат Боранбаев былтыр 24 желтоқсанда ұсталған. Бірақ ол жөнінде қазір белгілі болып отыр.
Мұрат Боранбаев 2017 жылы Алматыдағы тұрақтардың операторы Alan parking компаниясына жетекшілік еткен. 2022 жылы ақылы тұрақтар қала меншігіне қайтарылып, ҚМА Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялаған. Оның нақты қандай бап бойынша күдікке ілінгені белгісіз.
2021 жылы желтоқсанда бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 компаниясы AlanParking-тің 30% үлесін сатып алған. 2022 жылы AlanParking-тің бас директоры Мұхтар Базарбаев пен "Алматы спецтехпаркинг сервис" директоры Марат Пірінбеков қамалды. Олар ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.
Сол жылы сәуірде Алматы әкімдігі ақылы тұрақтарды қала меншігіне қайтару туралы қаулы шығарған. Осылайша "Алматы спецтехпаркинг сервис" компаниясының 70% және Alan Parking 100% қала меншігіне қайтарылды.
Бір жылдан кейін сот Марат Пірінбековті – 5 жылға, Мұхтар Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол кезде айыпталушылар мемлекетке 436 млн теңге көлемінде шығып келтіргені хабарланған.
Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда 8 жыл түрмеге кесілді. Сол жылы қыркүйекте апелляциялық сот оның жазасын 6 жылға қысқартты. Оның “мемлекетке келтірген шығынды толтырғаны” хабарланды. Ізінше кәсіпкердің түрме жазасы шектеу жазасына ауыстырып, қамаудан босап шыққан.
Женевада Иран, Ұлыбритания мен ЕО өкілдері келіссөз өткізді

20 маусымда Женевада Иран сыртқы істер министрі мен Ұлыбритания, Франция, Германия сыртқы істер министрлерінің келіссөзі өтті.
Келіссөзге қатысушылар Иранды АҚШ-пен келіссөзге оралуға шақырды. Бұған дейін Тегеран Израиль шабуылын тоқтатпаса, соққыны доғармайтынын мәлімдеген еді.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Еуропа елдері Иранға ядролық қаруды иелене алмайтынын “айқын жеткізгенін” мәлімдеді. Тегеран ұзақ жылдардан бері әскери ядролық бағдарлама барын ресми түрде жоққа шығарып келеді.
Еуроодақтың сыртқы істер бойынша жоғарғы өкілі Кая Калластың айтуынша, тараптар Женевада “ядролық және одан да басқа ірі мәселелер бойынша” байланысты жалғастыруға келіскен. Лэмми пікірталасты “конструктивті” деп атады.
Ал Аракчидің өзі “басқыншылық тоқтатылған кезде ғана” Иран дипломатияға дайын деп мәлімдеді. “Басқыншы қылмысы үшін жауап береді” деді ол.
Айдос Садықовтың өліміне қатысты істе үшінші күдікті жоқ – Киев бас прокуратурасы

Оппозициялық блогер, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына қатысты қылмыстық істе "үшінші күдікті жоқ" деп хабарлады Киев қаласының прокуратурасы Азаттыққа.
18 маусымда "Бәсе" арнасы Садықовтың қазасына қатысы болуы мүмкін тағы бір "адамның аты-жөнін жариялап, ол журналистің отбасын Прагада аңдығанын" хабарлаған еді. Арна жариялаған видеода оның суреті мен аты-жөні толық көрсетілген.
Ал Киев прокуратурасы Азаттыққа Садықовтың өліміне Қазақстан азаматтары Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев күдікті дейді.
19 маусымда Украинаның бас прокуратурасы Азаттыққа Садықовтың қазасына күдіктілер Украинадан шығып кетіп, оларға іздеу жарияланғандықтан сотқа дейінгі тергеуді тоқтап тұрғанын хабарлаған еді. Украина бас прокуратурасы да істе екі күдікті барын айтқан.
2024 жылғы 18 маусымда бір миллионнан астам жазылушысы бар оппозициялық "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.
Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.
Украиналық адвокат Дмитрий Моргун мамыр айында "Бәсе" арнасына берген сұхбатында Украина жағы Қазақстанға бір жыл ішінде үш рет сұрау салғанын, Қазақстанның құзырлы органдары тиісті дәрежеде қимылдамай отырғанын айтқан. Үш сұраудың негізгісі былтыр желтоқсанда берілген.
Маусым айының басында Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында "сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын" айтты.
Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.
Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.
Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.
Путин мен Мирзияев Ресейде жұмыс істегісі келетін мигранттарды "бірігіп дайындауға" келісті

Ресей президенті Владимир Путин Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен Ресейде жұмыс істегісі келетін еңбек мигранттарын бірге дайындауға келіскенін мәлімдеді.
"Ресейде жұмыс істегісі келетін адамдарды алдын ала дайындау үшін не істеу керектігін келістік. Бұл орыс тілін, орыс мәдениетін меңгеруге қатысты, жалпы жоспар жақсы. Осының бәрін ұйымдастырамыз деп сенемін" деді Путин. Оның сөзінен Кремльдің баспасөз қызметі үзінді келтірді.
Еңбек көші-қоны мәселесін Ресей басшысы Петербург халықаралық экономика форумы аясында өзбек тілшісінің сұрағына жауап берген кезде қозғаған. Саясаткер көші-қон мәселесін Өзбекстан басшысымен бірге бірігіп шешуге келіскенін айтты.
"Шавкат Миромонұлымен көші-қон мәселесін бірге шешеміз деп келістік. Неге? Себебі еңбек нарығының қазіргі ахуалы белгілі. Бізде қандай да бір қысым бар" деді Путин.
Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холдағы" терактіден кейін Ресей үкіметі көші-қон саясатын қатайтқан. 2025 жылы мемлекеттік дума мигранттардың балаларын орыс тілінен тест тапсыруға міндеттеген. Онсыз мектепке бару мүмкін емес. Ал 1 қыркүйектен бастап Мәскеу мен Мәскеу облысында тұратын шетел азаматтары дактилоскопия мен биометриялық суретке түсуге және арнайы қосымша арқылы қай жерде тұратынын хабарлауға міндетті. Бұған қоса, полиция қызметкерлері жүйелі түрде рейд жасап, еңбек мигранттарын қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасауға мәжбүрлейді.
Кейінгі айларда әлеуметтік желілерде ресейлік күштік құрылымдардың Орталық Азиядан барған мигранттарды ұрып-соғып, қорлағаны көрінетін көп видео тараған. Мамыр басында Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресейде мигранттардың құқықтарының өрескел бұзылу жайттарына алаңдаушылық білдірген. Құқық қорғаушылар шетелде жүрген өзбек азаматтарының құқықтарын қорғау үшін Ташкенттен қатаң дипломатиялық қадамдар мен шараларды талап еткен.
Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы бойынша жол картасына қол қойды

Ресейлік “Риа Новости” жазуынша, АЭС құрылысы жобасы бойынша келісімге Қазақстан мен Ресей жағы 20 маусымда Петербург халықаралық экономика форумы аясында қол қойған.
Жол картасына Ресей жағынан “Росатом” басшысы Алексей Лихачев, Қазақстан жағынан атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қол қойған.
Лихачевтің сөзінше, тараптар “жобаның нақты параметрлеріне” көшкен.
Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттігінің хабарлауынша, жобаны дайындау және іске асыру кезеңдерін қамтитын жол картасында “инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-шарт жасасу және жобалық құжаттаманы әзірлеу” көзделген.
Бұған қоса, «Қазақстандық атом электр станциялары» мен «Росатомға» қарасты «Атомстройэкспорт» арасында Алматы облысының Жамбыл ауданында "жобаны іске асыруға байланысты ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайтын негіздемелік келісімге" қол қойылған. Петербургтегі форум аясында өткен кездесу барысында Ресей жағы АЭС-ті салу жауапкершілігін өздеріне артқаны үшін алғыс айтып, ресейлік ядролық технология “Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады” деп сенім білдірген.
Өткен аптада Қазақстанға алғашқы атом электр станциясын Ресей салып беретіні ресми түрде хабарланған.
Қазақстан қоғамында АЭС-ке қатысты сұрақтар мен күдік-күмән әлі сейілген жоқ.
Қазақстанда бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси тәуелді болып қалады деп алаңдаушылық білдірген. Бұған дейін энергетика сарапшылары "АЭС Қазақстанды Ресейге байлап қояды", "ол қысым құралы болуы мүмкін" деген қауіп айтқан. Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.
Қазақстан үкіметі биыл ақпанда елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көліне жақын жер ресми түрде бекітілгенін жария еткен. Үкімет шешіміне оған дейін, 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылып қойған.
Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді былтыр қабылдады. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.
Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады.
Женевада үш еуропалық мемлекет Иранмен келіссөз жүргізеді

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Израиль шабуылы жалғасып жатқан тұста Тегеран АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді.
Аракчи Вашингтонды Израильге көмектесіп отыр деп тағы айыптады. Бұған дейін АҚШ соққыға қатысы барын жоққа шығарған.
Дегенмен БАҚ-тың жазуынша, Вашингтон мен Тегеран арасында байланыс бейресми деңгейде жүріп жатыр. Атап айтқанда, дереккөздерге сүйенген Reuters Аракчи мен АҚШ президентінің уәкілі Стивен Уиткофф арасындағы телефон әңгіме жөнінде жазды.
Бүгін, 20 маусымда Женевада Иран сыртқы істер министрі мен АҚШ-қа НАТО бойынша одақтас бірнеше елдің сыртқы істер министрлері кездеседі. Израиль Иранға соққы жасай бастағаннан кейін олар Тегеранды ядролық бағдарлама бойынша келіссөзге оралуға шақырған. Ақпаратқа қарағанда, Аракчидің ұшағы Женеваға ұшып кеткен, ал тегерандағылар Израиль шабуылдамайтынына уәде алғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездескен. Кездесуден соң Лэмми X желісінде қазір дипломатиялық шешім табатындай мүмкіндік пайда болғанын – оған шамамен екі аптадай уақыт барын айтты. Sky News хабарлауынша, Женевада Ұлыбритания сыртқы істер министрі Иранға АҚШ-тың “сәлемдемесін” тапсырмақ.
Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандарына соққы жасау операцияларына АҚШ қосыла ма, жоқ па, екі аптада белгілі болатынын айтқан. Трамптың мәлімдемесінде қазір келіссөз жүргізу мүмкіндігі бар екендігі жазылған.
Ал Тегеранның ресми позициясы айқын – ол ядролық қару жасамайтындығын растауға дайын, бірақ ядролық зерттеулерден бас тартпайды.
Жұмаға қараған түні Израиль мен Иран тағы бір-бірін соққылады. Иран баллистикалық ракеталармен соққы жасаған. Атып түсірілген ракетаның бір бөлшегі Израильдің оңтүстігіндегі Беэр-Шева қаласына түсіп, ірі өрт болған. Бірнеше адам зардап шеккен. Тұрғын үйлер мен кеңселер де бүлінген.
Израиль әскері жұмаға қараған түні Ирандағы бірқатар нысандарға жойғыш ұшақ және дрондармен соққы жасағанын мәлімдеді. Израиль әскерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тегерандағы ракета шығаратын бірнеше өнеркәсіпке шабуыл жасалған. Бұған қоса, Тегерандағы қорғаныс инновациясы мен зерттеулер ұйымының (SPND) штаб-пәтеріне де соққы жасалған.
Израиль Иранға ядролық қару жасауға бөгет жасайтынын мәлімдеп, өткен жұмадан бері соққы жасап келеді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік жұма күні Израиль шабуылының салдарынан Арактағы ядролық реактор ірі зақымдалғанын растады. Атап айтқанда, ауыр суды өңдеу кешенінің негізгі элементі бұзылған. Израиль өзге де ядролық нысандарды бомбалаған. Әзірге бұл соққылар Иранның ядролық бағдарламасын тоқтата алды ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Өткен жұмадан бері құқық қорғаушылардың мәліметінше, Израиль соққысынан бірнеше жүз адам қаза болған, арасында жоғары лауазымды әскери тұлғалар мен ядролық қаруға қатысы бар ғалымдар, бейбіт тұрғындар бар. Израильде 20-дан астам бейбіт тұрғын қаза болған, арасында Украинаның бірнеше азаматы бар.
Ақтөбе соты Желтоқсан куәгерін саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды

Ақтөбе қаласының №3 соты 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан 64 жастағы тұрғынды 40 жылдан кейін саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды. Бұл жөнінде Жоғарғы сот хабарлады.
Соттың айтуынша, Ақтөбе тұрғыны 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетіне түскен. Алайда 1986 жылы 18 желтоқсанда оны “Желтоқсан оқиғасына қатысты” деген күдікпен құқық қорғау органдары ұстаған. Оны ізінше босатқанмен сол үшін оқудан шығарып, өзі мен әйелін қудалаған.
Соның салдарынан отбасы моральдық және материалдық қиындықтарға тап болған.
Биыл ол “1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысуына байланысты саяси қуғын-сүргін фактісін тану туралы” сотқа арызданған.
“Ақтөбе қалалық N3 соты істі зерттей келе, арызданушының шынымен де 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқанын және саяси қудалауға, оның ішінде еңбек құқықтарын шектеуге ұшырағанын анықтаған. Бұл мән-жайлар университет пен Алматы қалалық прокуратурасының архивтік анықтамаларымен, сондай-ақ куәлердің айғақтарымен расталған. Азаматтық процестік кодексінің 306-бабын және «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның 2-бабын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюшыны 1986 жылғы оқиғаға байланысты саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды” деп жазылған сот хабарламасында.
1986 жылы 17-18 желтоқсанда Мәскеудің Қазақстан басшылығына республикаға беймәлім, бұрын Ресейдің бір облысын басқарған партия шенеунігін тағайындау туралы шешіміне қарсылық білдіріп Алматының орталық алаңына шыққан қазақ жастарының шеруін совет билігі қатыгездікпен басып-жаншыды. Алматыдағы жастар наразылығы Кремльдегі орталық биліктің өктемдігіне қарсы СССР-дегі көлемді наразылықтың біріне айналды. Осы оқиғадан бес жыл өткенде Совет одағы тарады. Коммунистік партия "қазақ ұлтшылдығы" деп баға берген жастар шеруіне қатысушылар кейін ақталып, Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының азаттық жолындағы күресі ретінде тарихқа енді.
Маңғыстау облысына дрон құлады

19 маусымда Маңғыстау облысы Қарақия ауданы шекарадағы “Болашақ” темір жол станциясы маңынан белгісіз ұшқыш аппарат табылды деп жаздыLada басылымы. Полиция ешкімнің зардап шекпегенін айтқан.
“Қандай да бір зиян келген жоқ. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр” деді полиция өкілдері басылымға.
Маңғыстау облысынан дрон алғаш рет табылып отыр. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше елді мекендерге дрон құлаған еді.
18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.
18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.
24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Екі күннен кейін Жәнібек ауданынан тағы дронға ұқсас аппарат табылды.
BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.
Батыс Қазақстан облысы аумағынан 18 ақпан мен 18 наурызда табылған дронға ұқсайтын екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған.
Маусым айының басында қорғаныс министрлігі БҚО-ға құлаған дрондар Ресейге тиесілі екенін, оларды жалға алынған полигонда сынақ кезінде ұшырғанын мәлімдеген.
Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.
Павлодар облысында қатты желден зардап шеккендер 16 адамға жетті, бір әйел қаза болды

19 маусымда Павлодар облысында ұйытқыған қатты желден зардап шеккендер 16 адамға жетті, бір әйел қаза болды. Бұл жөнінде жергілікті төтенше жағдай басқармасы хабарлады.
Ақсуда көліктің алдында жағында отырған 57 жастағы әйел адамға ағаш құлап, кеудесін тіліп өткен. Әйел адам сол жерде жан тапсырған. ТЖД мәліметінше, зардап шеккендердің үшеуі – бала.
Облыста ондаған ғимарат бүлінген. Бірнеше елді мекенде жарық өшіп қалған. Қазір жарық пен байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны хабарланды.
Ақпаратқа қарағанда, желдің жылдамдығы 43м/с жеткен. Облыста қатты желден кейін қалыпқа келтіру жұмыстарына 300-ден астам адам, 103 техника жұмылдырылған.
Вашингтон Ирандағы жағдайға араласу бойынша шешімді екі аптада қабылдайды

Вашингтон Ирандағы жағдайға араласу мәселесі бойынша шешімді алдағы екі аптада қабылдайды. АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесі 19 маусымда Ақ үйдегі брифинг кезінде оқылды. Одан Fox News тікелей эфирде хабар таратты.
Трамптың сөзінше, "келіссөз жүргізу мүмкіндігі болғандықтан" осындай мерзім таңдалған. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт "келіссөзге кім араағайын болуы мүмкін?" деген сұраққа жауап бермеді.
"Президент Трамп Ирандағы биліктің ауысқанына мүдделі ме?" деген сұраққа Левитт Трамп Иранда ядролық қару болмағанына мүдделі деп жауап берді.
"Трамп Иранмен тіке қақтығыстан қашып отыр ма?" деген кезде президент "дипломатиялық шешімге сүйенеді, бірақ күш қолдануда қорықпайды" деді.
Левиттің сөзінше, Иранның ядролық қару жасауға барлық мүмкіндігі бар. Енді бұл мәселе саяси шешім болып қалды деді ол. Егер Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи мақұлдаса, Тегеран "бірнеше аптада" атомдық қару жасап шығара алады. Трамптың пікірінше, мұны қалған елдер, оның ішінде Ресей де қаламайды.
Украина Садықовтың өліміне күдіктілерге іздеу жарияланғандықтан тергеуді тоқтатқан

Украина ұлттық полициясы оппозициялық блогер, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына күдіктілер Украинадан шығып кетіп, оларға іздеу жарияланғандықтан сотқа дейінгі тергеуді тоқтатқан. Бұл туралы Азаттыққа Украина бас прокуратурасы хабарлады.
Украина тарабының мәліметінше, істе Қазақстанның К және Ж есімді азаматтары күдікті. Прокуратура тергеу кезінде күдіктілердің Украинаға қалай келіп кеткені, қылмысты қалай жасағаны анықталды.
"Күдіктілердің кінәсі дәлелдермен, яғни, камераларға, регистраторларға түскен видеоматериалдармен, күдіктілердің сөзімен, сот сараптамасымен, биологиялық материалдармен толық дәлелденді" дейді Украина бас прокуратурасы.
2024 жылғы 18 маусымда бір миллионнан астам жазылушысы бар оппозициялық "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.
Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.
Украиналық адвокат Дмитрий Моргун мамыр айында "Бәсе" арнасына берген сұхбатында Украина жағы Қазақстанға бір жыл ішінде үш рет сұрау салғанын, Қазақстанның құзырлы органдары тиісті дәрежеде қимылдамай отырғанын айтқан. Үш сұраудың негізгісі былтыр желтоқсанда берілген.
Биыл көктемде Садықовтың жесірі Наталья Садықова "Республика" басылымына Украина органдарының мәліметіне сүйеніп, Қазақстан Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып жібергенін айтқан. Садықованың сөзінше, Қазақстанның құқық қорғау органдары "аталған тұлғалардың қастандыққа қатысын дәлел болмағандықтан қазақстандық прокурорлар тергеу амалдарын жүргізуден бас тартқан".
Маусым айының басында Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында "сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын" айтты.
Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.
Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.
Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.
АҚШ шетелдіктерге студенттік виза беруді қайта қалпына келтіреді, бірақ әлеуметтік желіні тексеруді күшейтеді

АҚШ мемлекеттік департаменті шетелдіктерге студенттік виза беруді қайта қалпына келтіреді. Бірақ өтініш иелерінің әлеуметтік желі аккаунттары ашық болуы керек. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі жазды.
Жабық аккаунт тексерістен жалтару немесе онлайн-белсенділікті жасыру талпынысы ретінде қарастырылмақ. Консулдардың ішкі нұсқаулықтарында олар “АҚШ-тың азаматтары, мәдениеті, үкіметі, институттары немесе негізгі принциптерін жек көру белгілері” бар кез келген жайтқа назар аударуы керек деп жазылған.
Мамыр айында Трамп әкімшілігі студенттік визаға жазылуды тоқтатып, өтініш иелерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарын тексеруді күшейтуді бұйырған еді. Бұл университеттер мен наразылықты бақылау талпынысымен байланысты.
Әкімшілік оған дейін де әлеуметтік желіні тексеру бойынша белгілі бір талаптарды енгізген. Алайда ол көбіне Израильдің Газа секторындағы әрекетке қарсы наразылық шараларына қатысқан АҚШ-қа оралған студенттерге қатысты болған.
Бұл жаңалыққа қазақстандық кейбір шенеуніктер жылдам реакция білдірді. Мысалы, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тан студенттік виза алғысы келетін қазақстандықтарға әлеуметтік желідегі аккаунттарын тазалауға кеңес берген.
“Барлық студенттерімізге аккаунттарды тазалап, сақ болуларыңызды ескерткім келеді. Бұл виза беретіндерге қатысты” деді бейсенбі күні Саясат Нұрбек сенат кулуарында. Оның сөзінен “Власть” үзінді келтіреді.
АҚШ-та қанша қазақстандық оқитыны жөнінде мәлімет жоқ. Бұған дейін ғылым және жоғары білім министрлігі АҚШ-тың танымал Гарвард университетінде "Болашақ" бағдарламасымен 7 қазақстандық оқып жатқанын айтқан.
Путин: Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз

18 маусымда Петербург халықаралық экономика форумында Ресей басшысы Владимир Путин мұнай экспорттауда Ресейге тәуелді Қазақстанның оны әртараптандыру талпынысы туралы да пікір білдірді.
“Экспортталатын Қазақстан мұнайының негізгі көлемі Ресей арқылы өтеді. Негізгісі. Бұл Каспий құбыр консорциумы арқылы [тасымалданады]. Басқа жолдар арқылы да тасымалданады. Қазақстаннан экспортталатын мұнайдың барлығы-дерлік Ресей арқылы өтеді. Бірақ біз Қазақстанның әртараптандыруға мүдделі екенін түсінеміз және мұны жеңілдетуге, көмектесуге дайынбыз” деді ол.
Қазақстан мұнайының басым бөлігі ресейлік Каспий құбыр консорциумы арқылы халықаралық нарыққа жол тартады.
Ресей Украинада соғыс бастағалы бері Қазақстан билігі балама жолдар, оның ішінде Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры туралы жиі айтатын болған. Кейінгі уақытта осы бағытта тасымал көлемі артқанымен, әлі де болса Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін көлеммен салыстырғанда әлдеқайда аз. Былтыр Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры Қазақстаннан 1,5 миллион тонна мұнай қабылдады. Сол уақытта үкімет жоспарында мұнай тасымалын жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отырғаны айтылғанымен, нақты мерзімі аталған жоқ.
Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелділікті азайтуға шақырып, аймақта жанжалдар күшейе қалған жағдайда ондай тәуелділіктің зор қауіп-қатер тудыратынын ескерткен.
Сәрсенбі күнгі форум кезінде Путин Қазақстанмен "одақтастық қатынас" қалыптасқанын айтып, Қазақстанды Ресейге ең жақын мемлекеттердің бірі деп атады. Ол екі ел арасындағы тауар айналымы артқанын атап өтіп, "95% ұлттық валютада жүргізілетінін" алға тартты.
Ол сонымен бірге Қазақстанда АЭС салу мәселесін де қозғап "бізде Қазақстан мен Өзбекстанның қатысуымен үшжақты жобалар көп. Атом энергетика саласында ірі жобалар пайда болуы мүмкін" деді.
Жуырда Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттік елде алғашқы АЭС салу бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болып ресейлік "Росатом" танылды деп мәлімдеген. Онсыз да экономикалық жағынан Ресейге тәуелді Қазақстанда бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси тәуелді болып қалады деп алаңдаушылық білдірген. Кейбір энергетика сарапшылары "АЭС Қазақстанды Ресейге байлап қояды", "ол қысым құралы болуы мүмкін" деген де қауіп айтқан. Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.
ПІКІРЛЕР